Облыстық Төтенше жағдайлар жөнiндегi департаменттiң басшысы Рамиль Камаловтың айтуынша, жыл сайын облыста 1,8 мың нысан тексерiледі, оның 858-і адам көп жиналатын орындар.
Соның ішінде ірі 30 сауда және сауда-ойын сауық кешенінің өрт қауіпсіздігі ведомствоның ерекше бақылауына алынған.
«2017 жылы бұл санаттағы 17 нысан тексерiлiп, 70 кемшiлiк анықталған, 600 мың теңгеден аса айыппұл салынды. Кемшіліктің көпшілігі эвакуация жолдарының көңіл көншітпеуі, автоматты өрт сөндіру құралының жағдайының мүшкіл болуы және өрт болған жағдайда қызметкерлердің қалай әрекет етуін дағдыландырмау», деді Рамиль Камалов.
Оның айтуынша, Бас прокуратура және IIМ-нiң тапсырмасымен 55 iрi нысанда тексеру жүргізілуде. Бүгiннiң өзiнде 18 нысан тексерiлiп, 79 кемшiлiк анықталды, 9 азамат әкiмшiлiк жауапқа тартылды.
«Тексеруді қатал жүргізу керек. Әсiресе, эвакуациялық сыртқа шығатын жолдардың жай-күйi, өрт дабылының жұмыс iстеуi, электр құрылғыларының жағдайы және қызметкерлердiң төтенше жағдай кезiндегi iс-әрекеттерiне ерекше мән берген жөн», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс әкiмi кәсiпкерлердi жазалау тәжiрибесiнен алшақтап, мемлекеттiк органдар мен бизнесмендер құрылыс кезiндегi кемшiлiктердi бiрлесе отырып жою керектігін атап өтті.