Жамбыл ауданының тұрғыны Николай Волков биыл көкөнiс шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. Ауылдыққа картоп өсiруге 94 гектар жер берiлiптi. Биыл 12 гектарға картоп егiлдi, келесi жылы бұл көрсеткiштi 60 гектарға жеткiзудi көздеп отыр.
«Қазiр бiзде 5 адам жұмыс iстейдi. Бұл отбасылық бизнес. Маусымдық жұмыстарға 10 тұрғынды тартып отырмыз», - дедi Николай Волков.
Жас кәсiпкер күзде жақсы өнiм алуды көздеп отыр, шамамен 180-200 тонна. Өңiр басшысы Құмар Ақсақалов солтүстiк аймақта көкөнiс шаруашылығы жоғары табысты бизнес екендiгiн атап өттi.
«Бiздiң климат жағдайында көкөнiс шаруашылығы жақсы нәтижелер бередi. Су ресурстарын және жердi оңтайлы пайдаланудың арқасында әр гектарынан 5,5 миллион теңгеге дейiн табыс табуға болады», - дейдi Құмар Ақсақалов.
Жалпы, облыс бойынша биыл 35 мың гектарға картоп себiлдi. Былтырғы жылмен салыстырғанда картоп алқаптары 7 мың гектарға көбейдi.