СҚО әкімі медсақтандыру туралы түсінікті тілмен жеткізуге кеңес берді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат -Солтүстік Қазақстан облысының басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне міндетті медициналық сақтандыру жүйесін (ММСЖ) түсіндіру бойынша жеке жауапкершілік жөнінде ескертті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әкімдік жиналысында қаралған мәселелердің бірі өңір тұрғындарына ММСЖ-ны түсіндіру жұмыстары болды. Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің СҚО бойынша департаменті директорының орынбасары Лариса Гордееваның айтуынша, облыста 309 мың адам жарна төлеуден босатылған. Тұрғындардың бұл 14 тобына сақтандыру жарнасын мемлекет аударып отырады. Ал қалғандары өздері төлеуі керек.

«2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жарнаны бірінші болып жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, соның ішінде нотариустар, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар төлейді. Облыс бойынша барлығы 189 236 адам», - деді Лариса Гордеева.

Оның атап өтуінше, жеке кәсіпкерлердің жарнасы ең төменгі жалақының екі еселенген көлемінің 5% құрайды. Биыл ең төменгі жалақы 24 459 теңгені құрайды, яғни жарна мөлшері айына 2 445,9 теңге болады.

 СҚО әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындармен жиі кездесу өткізіп, ММСЖ туралы ақпаратты қарапайым және түсінікті тілмен жеткізу керектігін қадап айтты.

«Адамдар хабарласып жатса, демек, олар ММСЖ туралы естіген және оларды қандай да бір ақпарат қызықтырады. Бүгінгі күнге дейін сall-сentre-ге 51 мың адам хабарласты. Қай ауданнан қоңырау аз түссе, сол жақта  тұрғындармен ақпараттық жұмысты күшейту керек», - деді Құмар Ақсақалов.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда 1 шілдеден бастап іске қосылды.