СҚО әкімі: Отан қорғаушылар күні ел тарихымен байланысты

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы Отан қорғаушылар күніне арналған шаралар Қарасай және Ағынтай батыр мемориалдарына гүл шоқтарын қоюдан басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлт батырларын еске алуға СҚО әкімі Құмар Ақсақалов та келді.



Достық алаңында ел тарихындағы ең ауқымды парадтың онлайн-көрсетілімі ұйымдастырылды. Айтулы шеруге солтүстік өңірден ҚР Ұлттық гвардиясы әскери институтының 200-ден астам курсанты қатысты.

Петропавлда Әскери институттың курсанттары, Петропавл гарнизоны бөлімшелерінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өңірдің әскери күш-қуаты мен әлеуетін көрсетті.

Жиналған солтүстікқазақстандықтарды аймақ әкімі Құмар Ақсақалов Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Құттықтау сөзінде облыс әкімі бұл мерекенің ел тарихымен, қазақстандық армияның күші мен қорғаныс қабілетінің қалыптасуымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Сондай-ақ, өңір басшысы Петропавл Әскери институтының 20 жылдан бері біліктілігі жоғары,  талантты, кәсібилігі мен ұстанымдарға адалдығын іс жүзінде дәлелдеп жүрген офицерлерді дайындап келе жатқанын айтты.

Отан қорғаушылар күніне орай, облыс әкімі 15 солтүстікқазақстандыққа мінсіз қызметі мен жоғары нәтижелер көрсеткені үшін құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыстады. Олардың арасында полицейлер, әскери қызметшілер және ҚР Ұлттық гвардиясы Әскери институты мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ әскери кафедрасының оқытушылары бар.

Салтанатты жиында «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Борис Сапенков пен ҚР Ұлттық гвардиясы Әскери институтының курсанты Бақтияр Қайырбеков сөз сөйледі.

Жас болса да, Бақтияр Ақтөбедегі әскери бөлімшеге шабуыл жасаған алты лаңкеске жалғыз өзі қарсы шыққан. Бұл ерлігі үшін Бақтияр ҚР Президентінің қолынан 3-дәрежелі «Айбын» орденін алды.



Шараның салтанатты бөлімі аяқталған соң, гарнизонның барлық бөлімшелері сап түзеп, М.Жұмабаев көшесімен жүріп өтті. Айтулы мереке бағдарламасы өңірдегі шығармашылық ұжымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері әзірлеген мерекелік концертке ұласты. 






Соңғы жаңалықтар