СҚО әкімдігінің отырысында өңірдің санитарлық эпидемиологиялық жағдайы талқыланды.
Мамандардың айтуынша, облыстағы эпидемиологиялық ахуал жалпы алғанда, жаман емес. Жүргізілген кешенді шаралар инфекциялық аурулардың таралуын тұрақтандыруға көмектесті. Былтыр есептегі 99 түрлі инфекциялық және паразиттік аурулардың 48-і бойынша бірде-бір жағдай тіркелмеді.
«Көптеген инфекциялар бойынша көрсеткіш төмендеді: бактериалды дизентерия - 2,8 есе, тұмау - 32,8%, энтеробиоз - 16,4%, дерматомикоздар - 18,5%. Алайда, өткір ішек инфекциялары 38% артқан. 2017 жылы - 372 адам, былтыр 505-і ауырған. Кене энцефалитіне шалдығу 3 жағдайға көп», - дейді СҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Серікбай Қасмақасов.
Оның мәліметінше, облыста педикулез мәселесі шешілер емес. Маманның пікірінше, оған қоғамдық моншалардың жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. Өңір бойынша қазір моншалар мен сауналардың саны 101 ғана. Жамбыл, Мамлют, Уәлиханов және Есіл аудандарында мүлде қоғамдық монша жоқ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне бұл мәселені шешуді тапсырды.
СҚО-да туберкулезбен ауыру 4,5% азайғанымен, республикалық көрсеткіш бойынша оның 22,7% артқаны байқалады. Мамандардың айтуынша, дертті алғаш жұқтырғандардың 54% еш жерде жұмыс істемейтіндер.