Петропавлда пәтердің негізсіз қымбаттығы әлеуметтік желіде жиі талқыланады. СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, баспананың қымбаттауына бірнеше фактор әсер етеді.
«Облыс орталығында бұрын тұрғын үй аз салынды. Тек соңғы 3 жылда ғана құрылыс қызған. Ал сұраныс бар. Кейбіреулер бұған әкімдікті кінәлайды. Үйлері сырылған қалалықтарға пәтер сатып алудан, баға өсіп кетті деп ойлайды. Біз мұны тексердік. Былтыр Петропавлда баспана сатып алуға қатысты 11 797 келісім жасалса, соның 285-і ғана қала әкімдігіне тиесілі. Бұл барлық жасалған мәміленің тек 2,4 % ғана. Ал бұл жылжымайтын мүлік нарығына әсер етпейді. Сондықтан бағаны негізсіз көтеріп, алып-сатарлықпен айналысуға болмайды», - деді Құмар Ақсақалов. .
Петропавлда баспана қымбаттамауы үшін тұрғын үйді көптеп салып, бұл жұмыстарды жүргізуге құрылыс компаниялары шақырылмақ.
«Біз болашақты ойлауымыз керек. Сол себепті қазір еліміздері ірі құрылыс компанияларының бірі – «Базис А»-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Делегация келіп кетті, біз жоспарларымызбен бөлістік. Компания басшылығы тарапынан коммерциялық баспана салуда қызығушылық бар», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.