СҚО әкімі жол бойына шоу-рум ұйымдастыру туралы тапсырма берді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әкімі Құмар Ақсақалов «СҚО-да жасалған» брендін әзірлеп шығаруды ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«СҚО-дан шығатын тауарларды азық-түліктен бастап, техникаға дейін түгел брендке айналдыру қажет. Бұл тауарды өткізе білудің тағы бір мүмкіндігі. Бізге «СҚО-да жасалған» брендін жасап шығару керек»,-деді Қ.Ақсақалов.

Солтүстік Қазақстанның тауарын насихаттауды Петропавл маңындағы Қызылжар ауданына қарасты Астана-Петропавл тас жолының бойына қойылатын көрмеге ұқсас көрсетілімнен бастау жоспарланған.

«Бүкіл тауарымызды жол бойына қоямыз. Шоу-рум жасауымыз керек. CLAAS комбайндары мен тракторларын шығарамыз, AVAGRO өнімдерін көрмеге қойыңыздар. Біздің қалаға келген қонақтар тауарларымызды көру керек. Жақсы орын тауып, әдемі шоу-рум жасаңдар», - деп Қ.Ақсақалов Қызылжар ауданының әкіміне тапсырма берді.