СҚО аумағына Атлантика циклоны әсер етіп жатыр – синоптиктер
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, ауа райындағы өзгеріс туралы кеше сағат 12.00 шамасында дауылды ескерту берілді.
Хабарламада 23 ақпан күні жауын-шашынның – жаңбыр, қардың жауатындығы жөнінде, қатты көктайғақ болатындығы және өңірдің оңтүстік, батыс, солтүстігінде қатты бұрқасын болатындығы айтылды.
Оңтүстік-оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні күндіз 15-20 м/с дейін болса, түнде оның күші 23 м/с дейін жетпек.
Сондай-ақ, облыстың батыс аумағында тұман болады деп күтілуде.
«Облыс аумағына жылы фронттары бар, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашыны, көктайғағы, тұман, екпінді желі және ылғалдың үлкен қоры бар белсенді Атлантикалық циклон әсер етеді. Іс жүзінде облыс аумағында 21 ақпанда сағат 21.00-ден бастап ауа температурасы -1-6 градус аяздан +1,+2-ге дейін біртіндеп жоғарылауы, жаңбыр мен қар түрінде аралас жауын-шашынның түсуі байқалды. Облыс аумағының басым бөлігінде мөлшері 0,3-4,6 мм болатын жаңбыр жауды. Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарында жауын-шашын байқалмады. Оңтүстіктен соққан желдің екпіні 16 м/с, кей жерлерде екпіні 20 м/с жетті», - дейді филиал мамандары.
Мамандардың айтуынша, СҚО-да осындай жылы ауа райы 2021 жылдың 3-5 ақпан аралығында болған екен.
Ол жолы облыс аумағында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болған және термометр +5 көрсеткен екен.
Бұған дейін СҚО-да қатты көктайғаққа байланысты мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылып, қоғамдық көліктердің жұмысы уақытша тоқтатылғанын айтқан едік.