Бүгін СҚО әкімі Құмар Ақсақалов онлайн режимде әкімдік отырысын өткізіп, бірінші тоқсандағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын шығарды. Карантин жағдайында жұмыс істеу қиын болғанымен, барлық негізгі салаларда өсім бар. Ең бастысы, жоспар бекітіліп, облыс бюджеті 262 млрд теңгеден 298 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте оң өсім бар. Өңірге тартылған инвестиция 21,1 % артты. Құрылыс саласы 7,4 % өсті. Алдағы бірер аптада жөндеу жұмыстары басталады. Биыл да әлеуметтік маңызы бар нысандардың 377-сін жөнге келтіреміз. Осы мақсатқа 32 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде бұл жұмыстарға 6,5 мың жұмысыз жүрген адам тартылады», - деді Құмар Ақсақалов.
Облыстағы 635 елді мекеннің шамамен әр үшіншісін оң өзгерістер күтіп тұр. Ауылдардағы 100 мектеп жөндеуден өтеді. Жаңадан салынған Береке ықшам ауданындағы 250 орындық емхананың да құрылысы биыл аяқталмақ. Бұдан басқа 23 емдеу мекемесі, 24 мәдениет нысаны жөнге келтіріледі. Ал Саумалкөл, Явленка, Смирнов, Тайынша, Сергеев және Пресновкада дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары бой көтермек.
Жолдарды жөндеуге 39 млрд теңге бөлінген. Қаражаттың бір бөлігіне 74 ауылдың ішіне жолдар да салынады. Ал 76 елді мекенді сумен қамту жақсартылады.
Құрылыс жұмыстары облыс орталығында да қызбақ.
«Көпқабатты 9 баспананың құрылысы басталады. Жалпы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Биыл жалға берілетін 8 және жеке компаниялар салған 11 үй қолданысқа енгізіледі. Атқарылатын жұмыс көп. Жоспарланған жұмыстар сапалы атқарылуы үшін қоғамдық бақылау болуы керек. Былтыр бұл платформалар жеткілікті деңгейде жұмыс істеген жоқ. Қоғамдық ұйымдар, «Nur Otan» партиясы бақылауды күшейтуі керек», - деді өңір басшысы.