Бұл жайында өңір басшысы Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі өз парақшасында жазды.
Облыс орталығына тиіп тұрған Бескөл ауылында құрылыс қарқын алып, тұрғындар саны жылдан жылға артып келеді. Елді мекеннің оңтүстік-шығыс бөлігінде ғана қазір 3,5 мың адам тұрады.
«Мектеп болмағасын балалар аудан орталығындағы 3 білім ордасында оқып жүрді. Оған бару үшін республикалық жолды кесіп өту қажет. Бұл жерде балалардың қауіпсіздігі мәселесі тұрды. Бастауыш сыныптардың балалары автобуспен тасымалданды.⠀
Екі жыл бұрын есептік кездесуде ата-аналар осы мәселені көтерген еді. Бүгін міне, ол шешімін тапты. Жаңа әрі заманауи мектеп балаларға аяқ аттам жерде орналасқан», - деп жазды облыс әкімі.
Бұл – биыл салынған осымен үшінші мектеп. Жаңа оқу жылы қарсаңында Петропавлдағы Береке ықшамауданында тағы бір білім ордасы пайдалануға берілді. Үшіншісі облыс орталығындағы Уәлиханов көшесінде тұрғызылып жатыр.