Форумға келген қонақтарға жоғары дәрежеде қызмет көрсетуге дайын отырғандардың бірі - Солтүстік Қазақстан облыстық Жедел медициналық көмек орталығы. Маңызды шараға әзірлікті әріден бастаған олар осы аралықта дәрігерлерді біліктілікті арттыру курстарынан, жұмысшыларды аттестациядан өткізген.
Қазір облыстық жедел медициналық көмек орталығы қызметкерлері күніне 300-ге дейін шақыртуға барып, тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіп жүр. Форум күндері бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Себебі маңызды шараға қатысуға сырттан мыңға жуық адам келеді деп күтілуде. Жедел жәрдем қызметі бұл күндері күшейтілген тәртіпте жұмыс істемек.
Қазір Петропавл қаласы бойынша шақыртуларға 19 арнайы автокөлік шығады. Форум алдында олардың қатарына тағы 3 УАЗ және екі реанимобиль қосылды. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, 5 жаңа машинаны сатып алуға облыстық бюджеттен 57 млн теңге бөлінді.
«Реанимобильдер барлық қажетті медициналық құрылғылармен: оттегі балондарымен, дефибрилятор, өкпені жасанды желдету аппараты, кардиографтармен жабдықталған. Форум өткеннен кейін бұл техника облыс тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады», дейді СҚО Жедел медициналық көмек орталығы бас дәрігерінің орынбасары Вера Вовк.
Жедел жәрдем орталығының барлық мамандары бұл күндері кезексіз жұмыс істейді. Оған қоса, іс шаралар өткізілетін нысандарда дәрігерлер кезекшілік етеді.
Ақерке Қабыкеева