СҚО Бескөл ауылының маңында жүк көлігі соғып кеткен әйел көз жұмды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының маңында жолдан жүгіріп өтпек болған келіншекті жүк көлігі соқты.
Оқиға 8 шілде күні түнде болған.
Куәгерлердің айтуынша, жол-көлік оқиғасы реттелетін жолаушылар жолағында болған. Әйел бағдаршамның рұқсат етілген шамын күтпей, жолға шыққан. Сол кезде қатты келіп қалған жүк көлігі оны соғып, оқиға орнынан кетіп қалған. Бірақ кейін тоқтап, тәртіп сақшыларының келуін күткен.
Әйелдің артында кішкентай ұлы қалды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінен хабарлағандай, «DAF» жүк көлігі 33 жастағы келіншекті соғып, әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырағанын жазған едік.