СҚО биыл дәрі-дәрмек сатып алуға 9,3 млрд теңге жұмсамақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 136 мыңға жуық тұрғын тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Бұл мақсатқа 10,1 млрд-қа жуық теңге жұмсалған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының мәліметінше, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде бюджет қаражаты есебінен диспансерлік есепте тұрған науқастарға 52 нозология бойынша амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ересектер 28 нозология және балалар 41 нозология бойынша бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
«Дәрі-дәрмектерді тегін алу үшін сырқат өзінің учаскелік дәрігеріне барып, медициналық көрсетілім бойынша белгілі бір дәріге рецепт алады. Осы рецептімен және жеке басын куәландыратын құжатпен емхананың дәріханасына барады, онда оған тағайындалған дәрі беріледі. Былтыр облыстың 135 707 тұрғыны 10,1 млрд теңгеге дәрі-дәрмекпен қамтылды. Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 9,7 млрд теңгеге 126 191 науқасқа көмек көрсетілді. Ал міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 3101 ересек пациентке 330,9 млн теңгеге және 6415 балаға 23,2 млн теңгеге дәрі-дәрмек алынды», - дейді филиал директоры Айнагүл Давлетчина.
Биыл осы мақсатқа 9,3 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Оның 8,7 млрд теңгесі медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, 552,2 млн теңге - міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жұмсалады.
«Қажет болған жағдайда жыл ішінде медициналық ұйымдар жаңадан анықталған науқастар үшін дәрі-дәрмекке қосымша сұраныс жасай алады. Осы жылдың 4 айында 94 185 адамға 3,1 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар туындаса, пациенттер қалалық және ұялы телефондар үшін қолжетімді 1439 қысқа нөмірі арқылы «СК-Фармация» байланыс орталығына хабарласа алады. Байланыс орталығының операторлары пациенттерге қажетті дәрі-дәрмектердің уақыты мен жеткізілу мерзімі туралы ақпарат береді. Барлық қоңыраулар тегін», - дейді Айнагүл Давлетчина.
Бұған дейін СҚО арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында биыл 281 км жөнге келтірілетінін айтқан едік.