СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шал ақын ауданында биыл өсімдік тектес есірткіні жеке тұтыну мақсатында сақтаудың үш фактісі тіркелген. Тәртіп сақшылары «Кұлеке Батыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында жас спортшылармен кездесті. Балаларға тыйым салынған заттарды қолданудың және таратудың салдары жайцында айтылып, есірткі айналымына қатысты кез келген ақпаратты ата-аналарына немесе полицейлерге «102» телефоны арқылы хабарлау керектігін еске салды. Кездесу соңында балаларға кітапшалар мен жадынамалар таратылды.
СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің жұмысында негізгі басымдық синтетикалық есірткіге қарсы күреске беріледі. Жыл басынан бері облыста 5 кг 611 грамм синтетикалық есірткілер тәркіленген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 есе көп.
Естеріңізге салайық, биыл СҚО-да 17 жастағы жасөспірім жігіт 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенге жұмыс істеп келген.