Аймақ әкімдігінен мәлім еткендей, бірінші жартыжылдықта облыста оң көрсеткiштерге қол жеткiзiлдi. Алты айда экономика өсiмi 107,6 пайызды құрады және бұл көрсеткiш бойынша үздік 6 облыстың қатарына енді.
«Ал құрылыс саласында солтүстiк өңiрi бiрiншi орында келедi. Құрылыс жұмыстарының көлемi 1,7 есеге артты. СҚО экспорт көлемiн 1,3 есеге арттырып, импортты 10 пайызға азайтты. Бiздiң өңiр ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша да көш басында. Бірінші жарты жылда елiмiздегi инвестицияның 26 пайызы солтүстiктiң еншiсiнде. Бұл - 32 млрд тг. СҚО былтыр да көш басында болған едi», - деді Қ.Ақсақалов.
Атап өтілгендей, биыл 230 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берiледi. 1500 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Өңір аудандарында ауыл тұрғындарына арналған баспаналардың құрылысы басталды. Биыл 100 үй бой көтерсе, келесi жылы 600 үй салу жоспарланған.
Сондай-ақ Петропавлда жаңа оқушылар сарайы, теннис орталығы, екi заманауи қонақ үй, «Dostyk Mall» сауда орталығы ашылады. Облыс орталығында 1500 балаға шақталған екi мектеп салынуда.
СҚО әкiмi зауыттарды жаңарту бойынша да айтып өттi. «ПАМЖ» және «Киров атындағы зауыт» АҚ материалды-техникалық базаны жаңарту жұмыстарын бастамақ. «ЗИКСТО» АҚ өз қарамағында вагон шығаратын зауыт ашпақ. Қуаттылығы - жылына 5 мың жүк вагоны.
Өңiрде 5 iрi инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Инвестиция көлемi 100 млрд теңгенi құрап, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Аудандарға дәрiгерлердi тарту үшiн алғаш рет облыстық бюджеттен 75 миллион теңге бөлiндi. Бұл сомаға 50 дәрiгер көтермеақы алады.
Құмар Ақсақалов Елбасының тапсырмасы бойынша кешендi жоспарды жүзеге асыру аясында көп жұмыстың атқарылатындығын атап өттi. Бұл жоспардың арқасында өңiрдегi келелi мәселелер шешiлiп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсармақ.