СҚО-да 1 мыңнан астам энергетик вакцинацияның толық курсынан өтті

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі мыңнан астам қызметкері бар кәсіпорынның 70 пайызға жуығы коронавирусқа қарсы екпе алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, компаниялар тобына «СЕВКАЗЭНЕРГО», «Солтүсік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ, «Петропавл жылу желілері», «Севказэнергосбыт» ЖШС және Петропавл жылу-электр орталығы кіреді.

Компаниялардың басшылығы сәуір айында қызметкерлерімен вакцинациядан өтуге шешім қабылдады. Өйткені ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін әрқайсысының екпе алғаны маңызды.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қарайтын кәсіпорындарда 2 мыңнан астам еңбек етеді. Бүгінде ұжымның 69 %-ы екпе алды. Өмір сүруді қамтамасыз ететін кәсіпорын болғандықтан әр қызметкердің денсаулығы маңызды. Сол себепті олар ауырмауы үшін жұмыс орнында барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Вакцинация алуды да біз ұжым болып шештік. Әрине вакцинаны қойғызу-қойғызбау әркімнің өз еркі, денсаулығына қарайды, дәрігердің ұсынысын ескереді. Мен өзім алғашқылардың бірі болып екпе алдым, ол үшін өкінбеймін. Өйткені мен қауіпті вирусты енді туған-туыстарыма жұқтырмайтынымды білемін»», - дейді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының бастығы Оксана Полын.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ – режимді нысан. Оған сырттан келген адамды кіргізе қоймайды.

Алайда кәсіпорын басшылығы қызметкерлерге ыңғайлы болуы үшін емханадан мобильді екпе пунктін шақырды.

Медицина қызметкерлері сәуір айынан бастап аптаның белгілі бір күні жұмыс орнына келіп, қызметкерлерді вакцинациядан өткізіп жатыр.

Олар бір келгенде 30-дан 100 адамға дейін екпе салады.

«Мен «Спутник V» вакцинасын қойғыздым. Екпе алудағы бірінші себеп – жақындарымды қауіпті вирустан қорғау. Сондай-ақ вакцина алғандар жұмысын еш алаңсыз істейді, қоғамдық тамақтану орындарына, мәдени нысандарға қауіптенбей бара алады», - дейді кәсіпорын қызметкері Ольга Сибагатуллина.

СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Исқаковтың айтуынша, өңірде ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызын түсініп, қолдау көрсеткен кәсіпорындар жетерлік.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ кәсіпорындарынан басқа «Основание», «Радуга», «Богатырский продукт», «Барс Nord» ЖШС-тері, Оңтүстік Орал теміржолының Петропавл бөлімшесі және басқа да шағын және орта бизнес өкілдері белсенді түрде вакцинациядан өтіп жатыр. Бұл компаниялар көктемде-ақ өз қызметкерлерін вакцинациядан өткізу үшін тапсырыс берді. Сол кезде біз облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен, денсаулық сақтау басқармасымен мобильді екпе пункттерін кәсіпорындарға жіберу мәселесін қарастырған едік. Дәрігерлер біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, мобильді пункттерді бөлді», - дейді Марат Исқаков.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде облыс бойынша 194 164 солтүстікқазақстандық инфекцияға қарсы екпенің бірінші компонентін алса, 138 705 тұрғын вакцинацияның толық курсынан өткен.


Соңғы жаңалықтар