СҚО-да 1 желтоқсаннан бастап қарағайлы-шыршалы ормандарға күзет қойылады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жыл мерекесіне дейін қылқан жапырақты ормандар қорғауға алынып, орман шаруашылығы мамандары мен тәртіп сақшыларынан құралған мобильді топтар кезекшілік етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа жыл мейрамы қарсаңында браконьерлердің қылқан жапырақты ағаштарға қызығушылығы артады. Мереке нышаны - шыршаларды заңсыз кесуден сақтау мақсатында биыл да ормандар желтоқсан айы бойы күзетілмек.

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша, қылқан жапырақты ағаштар өсетін елді мекендердің жанына 22 стационарлық бекет қойылады. Бұдан басқа басқарма орман иелерімен бірге 92 мобильді топ құрып, күнделікті рейдтер ұйымдастырмақ. Қорықшылар қарумен, қажетті көлікпен, байланыс құралымен толық жабдықталған.

Бұл жұмысқа тәртіп сақшылары да жұмылдырылып, тәулік бойы кезекшілік атқарылады. Былтыр осындай ауқымды іс-шаралардың нәтижесінде бір де бір шырша рұқсатсыз кесілген жоқ.

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 381-1 бабы бойынша орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау салдарынан 100 АЕК дейін шығын әкелсе, жеке тұлғаға - 20, лауазымды тұлға және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 және ірі кәсіпкерлерге 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұған қоса кесілген ағаш, мініп келген көлігі мен ағаш кесуге пайдаланылған құралдары тәркіленеді», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім бастығы Василий Лабанчук.

Ал келтірілген шығын көлемі 100 АЕК мөлшерінен асып кеткен жағдайда қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілмек.

Биыл облыстың мемлекеттік орман шаруашылықтары шыршаларды ұйымдар мен мекемелердегі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге ғана босатады. Ол үшін облыстың әкімдіктері алдын-ала өтініш беруі қажет. Осы мақсатқа 220 қылқан-жапырақты ағаш кесілмек.

Шыршаны облыс аумағында сатуға «Кондратов тәжірибелік-көрсеткіш орман питомнигі» ЖШС рұқсаты бар. Сондай ақ биыл да өңірге қылқан жапырақты ағаш Ресей Федерациясынан көптеп жеткізілмек.