СҚО-да 10 адам «Халық алғысы» медалімен марапатталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында түрлі саланың өкілдері, барлығы 10 адам «Халық а лғысы» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының учаскелік полиция инспекторы өзінің кәсіби мерекесі күні «Біз біргеміз» онлайн-форумына қатысты. Онлайн-форум аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күресте ерекше көзге түскен білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтарға, соның ішінде алғы шепте жүрген тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

Полиция аға лейтенанты Станислав Алифиренко Мемлекет басшысының алдында сөз сөйледі. Оның ішкі істер органдарына келгеніне жеті жыл болған.

«Өз әріптестеріммен бірге мен блок-посттарда кезекшілік атқардым. Қазір карантиндегі подъездерді, провизорлық орталықтарды күзету бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Мәжбүрлі шараларға адамдардың барлығы бірдей түсіністікпен қарай бермейді. Сондықтан вирустың таралуына жол бермеу мақсатында тәртіп сақтаудың маңызылығын түсіндіруге тура келеді. Менің отбасыма да, қазақстандықтардың көпшілігіне де бұл кезең оңай соқпады. Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің жұмысымызға жоғары баға бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің қолдауыңыз барлық полиция қызметкерлеріне алдағы уақытта ауыртпалық пен қиындықтарды мойымай жеңуге серпін береді. Бойымыздағы сенімділік үшін Сізге алғыс айтамыз», - деді полиция офицері президентпен болған тікелей байланыста.

Онлайн-форумға 10 солтүстікқазақстандық қатысты. Олардың барлығы «Халық Алғысы» медалімен марапатталды.

«Сіздер мейірімділік пен ниеттестіктің нағыз үлгісісіздер. Сіздер сияқты адамдар барда кез келген қиындықтан өтеміз, - деді СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов марапаттарды табыстау салтанатында.