СҚО-да 10 елдімекенде карантин талаптары күшейтілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустың таралуына байланысты тағы 10 елдімекенде карантин талаптары күшейтіліп, тұрғындардың жүріп-тұруы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, карантиндік шектеулер күшейтілген елдімекендердің саны онға жетті. 9 қазан күні Булаев және Мамлютка қалалары карантинге жабылған еді. 12 қазан күні олардың қатарына Ақжар ауданының Казанское, Ленинградское елдімекендері қосылды.

14 қазан күні Шал ақын ауданының Повозочное, ал 16 қазан күні Тайынша ауданының Киров және Чермошнянка елдімекендерінде коронавирусты жұқтырушылардың көбеюіне байланысты карантин талаптары күшейтілді. Есіл ауданының Явленка, Покровка және Чириковка ауылдарында 17 қазаннан бері тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу бар.

«Бұл елдімекендердің кейбіріне блокпостар қойылды. Жалпы мұндай бекеттерді қою-қоймауды жергілікті штаб пен полиция шешеді. Аудандардың бас санитариялық дәрігерлерінің қаулысы бойынша нысандар жұмыс істейді», - дейді баспасөз мамандары.

СҚО-да осы күнге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырудың 4309 дерегі тіркелді. КВИ-мен ауырғандардың 4024-і тәуір болса, 25-і қайтты.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірдегі провизорлық стационарларда 146 орын бар, ол бүгінде 52%-ке толық. Инфекциялық стационарларда 221 жатын орын болса, 35% науқастар ем алып жатыр.

Өткен тәулікте облыста 1040 адамнан ПТР тест алынса, соның сегізінде қауіпті ауру расталды. Қазіргі кезде науқастардың тоғызының жағдайы ауыр.