СҚО-да 10 жылға жуық алимент төлемеген ер адам сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алимент бойынша қордаланған қарызы үшін ауыл тұрғыны сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы тұрғынының 9 жасар қызына берешегі 700 мың теңгеге жеткен. Баланың анасы сот орындаушыларына жүгінген, алайда олардың араласуынан кейін де ер адам өз міндетін орындауға асықпаған.

Қызылжар ауданының полиция бөлімі «Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, ауыл тұрғынының табысы бар екенін анықтады. Тергеу аяқталып, іс прокуратураға жолданғаннан кейін ғана ол қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайтынын түсінген. Нәтижесінде бұрынғы әйелімен татуласып, алимент бойынша барлық қарыздарын төледі.

Ал осы аудандағы Белое ауылының 33 жастағы тұрғыны бала алдындағы міндеттерін орындамай, 2011 жылдан алимент төлемеген. Тергеу барысында оның ай сайын еңбекақы алатындығы анықталды. Алимент төлеу туралы сот шешімін орындамай келген. Енді оның бас бостандығы бір жылға шектелді.

«Балаларына алимент төлемейтіндерге қатаң жаза қарастырылған. Олар қоғамдық жұмыстарға ғана жегіліп қоймай, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін», - дейді СҚО ПД Анықтау басқармасының бастығы Ербол Бектұров.