СҚО-да 1,1 трлн теңгеге 64 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Qyzyljar арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты, онда Мемлекет басшысы қойған экономиканы әртараптандыру және өндірістерді локализациялау жөніндегі міндеттерге сәйкес тамақ өнеркәсібі, машина жасау және шикізатты терең өңдеу салаларындағы ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Үкімет

— Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңірге инвестициялар тарту және АЭА-ның өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 609 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте соңғы екі жылда өңірдің негізгі капиталына инвестициялар көлемі екі есеге жуық өсті. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы шеңберінде СҚО-да 10,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 64 бастама жүзеге асырылып жатыр, — делінген Үкіметтің хабарламасында.

Qyzyljar АЭА — өңірдің өнеркәсіптік өсуінің негізгі орталықтарының бірі. Қазіргі уақытта сегіз субаймақта 21 қатысушы өз жобаларын жүзеге асыруда. Мұнда бюджеттік салымдардың әрбір теңгесіне 8 теңге жеке инвестиция тартылған. «Қызылжар» халықаралық әуежайы базасында мультимодальды логистикалық хаб құру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілген.

Фото: Үкімет

Үкімет басшысы АЭА аумағында төл өндірісін дамытып жатқан бірқатар компаниялардың қызметімен танысты. Олар — өңірдегі ірі ағаш өңдеу кәсіпорындардың бірі — «Nord Panels» ЖШС, «KazCrane Engineering» ЖШС-нің көтергіш-көлік жабдықтарын өндіру зауыты, «Eco Glade» ЖШС-нің толық циклді саңырауқұлақ фермасы, ЖШС-нің ұзақ мерзім сақтауға болатын «Бейкертон» нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді шығару кәсіпорны.

«Nord Panels» ЖШС атқарушы директоры Айваз Бакиров бұрын пайдаланылмай тұрған ғимаратты реконструкциялауға, инфрақұрылым жүргізуге және ламинатталған фанер мен ағаш-жаңқалы тақталар (АЖТ) өндіретін жоғары технологиялық желілерді іске қосуға шамамен 11 млрд теңге инвестиция салынғанын хабарлады. Зауыт іске қосылған 2024 жылдан бері 300 жаңа жұмыс орны ашылды, жобалық қуаты жылына 50 мың м3 дайын фанер өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын республика бойынша импортты алмастырудың 15%-ға дейінгі үлесін қамтамасыз етіп отыр және өнімдерін ЕАЭО және Еуропалық Одақ елдеріне белсенді түрде экспорттауда. Сонымен қатар отын пеллеттері, престелген поддондар мен медициналық таяқшалар шығару бойынша желілерді іске қосу есебінен өндірісті кеңейтеді.

Фото: Үкімет

«KazCrane Engineering» ЖШС-нің жүк көтергіш-көлік жабдықтарын өндіру жобасы бойынша серіктесі — «Уралкран» ЖШҚ бас директоры Сергей Кравчук кәсіпорында жүк көтергіштігі 500 тоннаға дейінгі көпірлі және кран-эстакадалы крандар шығару жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Өндірістік қуаты жылына 150 бірлік өнімге дейін жетеді. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы 90%-ды құрайды, іске қосу 2026 жылғы қыркүйек–қазан айларына жоспарланған.

Бастапқы кезеңде 150 жұмыс орнын құру, кейіннен қызметкерлер санын 300 адамға дейін ұлғайту көзделген. Жобаның құны 4 млрд теңгені құрайды. Аумағы 13,5 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен толық цикл қағидаты бойынша құрылып, металды кесуден бастап дайын өнімді сынауға дейінгі барлық негізгі технологиялық процестерді біріктіреді.

— Жоба заманауи цифрлық технологияларды, оның ішінде қашықтан басқару жүйелерін, автоматтандырылған диагностика мен жабдықтарға болжамды техникалық қызмет көрсету жүйелерін енгізуді көздейді. Негізгі өткізу нарығы — Қазақстан, оған өндірілетін өнім көлемінің шамамен 70%-ы тиесілі. Қалған 30%-ын Орталық Азия, Каспий маңы өңірі және ЕАЭО елдеріне экспорттау жоспарланған, — делінген хабарламада. 

Сонымен қатар кәсіпорын Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысы жобасын жүзеге асыруға отандық жүк көтергіш-көлік жабдықтарын жеткізу арқылы қатысу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Фото: Үкімет

«Eco Glade» ЖШС директоры Екатерина Асаенок толық циклді саңырауқұлақ өсіру фабрикасы 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілгенін хабарлады. Бұл жоба ауыл шаруашылығын әртараптандыру және агроөнімдерді қайта өңдеу үлесін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылған. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 11,3 млрд теңгені құрайды. Жобалық қуаттылық жылына 2,4 мың тонна agaricus түріндегі дайын саңырауқұлақ өнімін және 4 мың тонна компост шығаруға жетеді. Фермада сондай-ақ өңделген өнімдер — консервіленген және мұздатылған жартылай фабрикаттар шығару жоспарда бар.

— Өндірістік цикл қатаң технологиялық регламенттерге сәйкес ұйымдастырылған. Өнім компосттан тікелей алынып, күніне үш ретке дейін жиналады. Кәсіпорын онлайн-бақылау жүйесімен жұмыс істейді, бұл мамандарға әр камерадағы процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға, параметрлерді жедел түзетуге және микроклиматтың негізгі көрсеткіштерін қадағалауға мүмкіндік береді. Ферма өнімі елдегі қазіргі тұтыну көлемінің шамамен 25%-ын қамтиды, — деп хабарлады Үкіметтен.

Сонымен қатар «Радуга» ЖШС бас директорының орынбасары Даурен Катранов саңырауқұлақ фермасы мен жылыжай кешенін одан әрі кеңейту жобаларын таныстырып, «Радуга» техноэкопаркын жүзеге асыру туралы баяндады. Жоба аясында қағаз және картон өнімдерін шығаратын фабрикалар, қоқыс өңдеу кешені және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделген.

Фото: Үкімет

«Бейкертон» ЖШС бас директоры Марина Баяндинаның айтуынша, нан-тоқаш өнімдерін шығару жобасына инвестициялардың жалпы көлемі 37,3 млрд теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру шамамен 380 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 15 мың тонна өнімге жетеді. Бүгінгі таңда нысанның құрылысы толық аяқталып, жетекші еуропалық өндірушілердің заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың шілде айына жоспарланған.

Олжас Бектенов Qyzyljar АЭА-ға бару қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау жаңа өндірістер, инвестициялар және жұмыс орындары түрінде нақты экономикалық нәтижені қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру үшін елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудың стратегиялық маңызы зор. Жауапты мемлекеттік органдар мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне қолданыстағы және әлеуетті инвестициялық жобаларға қолдау көрсету тапсырылды.

Еске сала кетейік, Премьер-министр Солтүстік Қазақстандағы қорғаныс бөгеттерінің жағдайымен танысты.