СҚО-да 12 жастағы бала тілсіз жаудың құрбаны болды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қайғылы оқиға СҚО Есіл ауданы Явленка ауылында орын алды. Тұрғын үйден өрт шығып, 12 жастағы бала қайтыс болды. Бұл туралы облыстың ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

«Түн ортасында Явленка ауылында 4 пәтерлі тұрғын үй пәтерінде өрт шықты. Бір бөлмелі пәтер отқа оранғанда үйде 12 жасар ұлы және 8 айлық қызымен анасы болған. Әйел жанып жатқан пәтерден денесінің 9 пайызын 2-3 дәрежелі күйік шалған қызын ғана шығарып үлгерді, ер баланы құтқара алмай қалды» делінген хабарламада.

Өрт сөндірушлер келгенде, тілсіз жау барлық мүлікті жалмап үлгерді, 126 шаршы метр алаңның шатыры, төбе жабындысы зақымданды. Өрттен зардап шеккен қыз бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.

Тергеушілер өрттің шығуына тұрмыстық техникадағы қысқа тұйықталу себеп болған деген болжам айтуда» делінген таратылған хабарламада.

Жыл басынан бастап облыста барлығы 243 өрт орын алса, оның шығыны 24 млн. теңгеден асты, өрт 18 адамның өмірін қиса, олардың төртеуі - балалар.