Ономастика саласында атқарылған жұмыстар жайында «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының кеңейтілген алқа отырысында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жамантаев айтты.
Өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген, тоталитарлық сипатағы және қайталанатын атауларды тарихи және дәстүрлі атаулармен өзгерту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен былтыр Мамлют ауданы Ленин ауылдық округі – Бике ауылдық округі, Ақжар ауданы Новосел ауылдық округі – Үлкен Қараой ауылдық округі және 3 ауыл Мамлют ауданы Ленин ауылы – Бике ауылы, Ақжар ауданы Коммунизм ауылы – Баймырза ауылы, Киевское ауылы – Кіші Қараой ауылы деп өзгерді.
Сонымен қатар 200-ден астам көшені қайта атау бойынша жұмыс жүргізілген.
«Былтыр республикалық ономастика комиссиясының отырысында облыс орталығындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепке - Әлихан Бөкейханның, №2 орта мектепке - Смағұл Сәдуақасұлының, №9 орта мектепке - Ахмет Байтұрсынұлының, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне - Қажымұқанның есімін беру бойынша ұсыныстар қабылданды. Қазіргі таңда жоғарыда аталған білім ордаларына тұлғалардың есімін беру бойынша ҚР Үкіметі қаулысының жобасы Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізілді», - дейді Нұрлан Жамантаев.
Жыл басынан Айыртау, Шал ақын, Уәлиханов аудандарында 20-ға жуық көшеге жаңа атау беру мақсатында жергілікті тұрғындармен жиналыстар өткен.
«Биыл облыстық ономастика комиссиясының қарауына барлығы 32 көшені, яғни Есіл ауданында – 12, Ақжар ауданында – 5, Жамбыл ауданында – 8, Айыртау ауданында – 7 көшені қайта атау, сондай-ақ Новоникольск орта мектебіне Геннадий Зенченконың есімін беру бойынша құжаттар келіп түсті.
Бұдан басқа медициналық колледжге – Жұмағали Тлеулиннің, Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебіне – Кәкімбек Салықовтың, Жамбыл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне – Сафуан Шаймерденовтің есімдерін беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Бүгінгі күні СҚО-да Ленин, Коммунизм, Қызыл әскер, Чапаев сияқты атауларға ие 13 ауылдық округ, 33 ауыл, 300-ге жуық көше бар.