СҚО-да 13 мың ит-мысық есепке алынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Заң қабылданғаннан бері Солтүстік Қазақстан облысында 13 мыңға жуық ит-мысық «ТАNBA» ақпараттық сервисі арқылы есепке қойылды.
СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан бастап қаңғыбас иттермен жұмыс аулау-стерилдеу-вакциналау-босатып жіберу қағидаты бойынша жүргізіледі.
– Қаңғырған иттер қала-ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Жануарлардың адамға, малға шауып, агрессия білдірген жағдайлары бар. Десек те, қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың саны түрде реттелуі керек. Иттер ауланып, стерилденіп, вакцина егіліп, босатып жіберілгеннен кейін агрессиясы азаяды, көбеймейді және аумағын басқа қаңғыбас иттерден қорғайды. Осылайша, популяция саны біртіндеп азаяды, - дейді мамандар.
Бүгінге дейін облыс орталығы аумағында 800-ден астам қаңғыбас жануар стерилденді және вакцина егілді.
– Өкінішке қарай, көшедегі иттердің бір бөлігі – бұрын үйде ұсталған жануарлар. Оларды көбінесе қуып жібереді. Сондықтан халықпен үй жануарларына чип салу, тіркеу, ұстау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тастанды жануарлар үшін иелері жауап береді. Мәселені барлық тараптың: жергілікті органдардың, ветеринариялық қызметтердің, зооқорғаушылар мен тұрғындардың қатысуынсыз шешу мүмкін емес. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қаңғыбас иттердің санын азайтуға болады, - дейді ветеринарлар.
Жалпы СҚО-да жануарларды есепке алу жөніндегі «ТАNBA» ақпараттық сервисіне 7 735 ит пен 5 256 мысық есепке қойылды.
Бұған дейін СҚО-да бұқа сүзген ер адамның алты қабырғасы сынып, ауруханаға түскенін жазған едік.