СҚО-да 150 мың адамның жәрдемақысы мен зейнетақысы өсті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге бюджеттен 232 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінбек.
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде былтыр жасына байланысты төленетін зейнетақының орташа мөлшері 85 мың теңге, базалық зейнетақы — 43 мың теңге болған. Биыл барлық мемлекеттік жәрдемақы мен базалық зейнетақы 6,5% өсті, ал ынтымақты зейнетақы 8,5% артты.
— Былтыр облыста мүгедектіәгі бар және асыраушысынан айырылғандарға 17,6 млрд теңге және көпбалалы отбасыларға 3,6 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді. Биыл халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерге 231,9 млрд теңге бөлу жоспарланған, көмек алушылар саны — 149 498 адам, олар зейнеткерлер, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек алушылар, — дейді басқарма басшысы Ринат Елжасов.
Былтыр СҚО-да 5,2 мың азаматқа 545 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Қосымша 1,5 мың балаға 53 млн теңге төленген. Биыл бұл мақсатқа 659 млн теңге қарастырылған.
— Бұдан басқа, 29 мыңнан астам мұқтаж адамға жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек көрсетілді, яғни 9,3 мың адамға 3,4 млрд теңге берілді, — дейді Ринат Елжасов.
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға 2,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы құралдар алынып, әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Өңірде қазіргі уақытта 24,2 мың мүгедектігі бар адам, соның ішінде 2,4 мыңға жуық бала бар.
Бұған дейін Петропавлда тасқыннан зардап шеккендердің бір бөлігі әлі күнге баспанасыз жүргенін жазған едік.