СҚО-да 170 мектеп «Старлинк» спутниктік желісі арқылы Интернетке қосылады

Солтүстік Қазақстан облысында 170 мектеп «Старлинк» спутниктік желісі арқылы Интернетке қосылады. Бұл туралы аталған облыстың әкімі Гауез Нұрмұхамбетов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pixabay.com

«3 жыл ішінде 160-тан ауыл интернетке қосылып, оның сапасы жақсартылды. Бүгінде 275 мың тұрғыны бар 539 елді мекен әртүрлі технологиялар бойынша Интернетке қосылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдары 304 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарлануда», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының ауылдағы білім нысандарын жылдам интернетпен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында облыс мектептерінің 100 пайызы Интернет желісіне қосылған.

«Байланыс операторларымен бірлесіп жылдамдықты арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 170 мектеп «Старлинк» спутниктік желісі арқылы Интернетке қосылады», - деді Гауез Нұрмұхамбетов.