СҚО Білім басқармасының мәліметінше, өңірде жаңа оқу жылында 465 мектеп жұмыс істейді. Бұдан бөлек 24 колледж есігін айқара ашады. Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымы 100% бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық нысандарда талаптарға сәйкес дабыл түймесі бар.
«Террористік тұрғыдан осал нысандар қатарына 366-сы жатады. Оның 1-тобына – 185 мектеп, 1 балабақша, 2 колледж; 2-тобына – 58 мектеп, 15 балабақша, 6 колледж, 1 қосымша білім беру ұйымы; 3-топқа – 50 мектеп, 36 балабақша, 10 колледж, 2 қосымша білім беру ұйымы жатады.
Талап бойынша Жедел басқару орталығына 2 және 3-інші топтағы 178 нысан қосылуы тиіс, бүгінде 165-і немесе 92,7% қосылды.
1 қыркүйекке дейін барлық білім беру нысаны қосылады, тек Айыртау ауданы Имантау орта мектебінің техникалық мүмкіндігі жоқ», - дейді басқарманың басшысы Нәзір Жәшібеков.
Мамандандырылған күзет әзірге 3-топтың 37 нысанында – 37,8% ғана бар. Жаңа оқу жылына дейін 3-топтың барлық мемлекеттік объектілерінде болады. Осы мақсатқа 391 млн теңге бөлінді.
Кіруді бақылау және басқару жүйесі 3-топқа жататын барлық мемлекеттік ұйымдарда болады, әзірге 42,8% ғана бар. Жүзеге асыруға 214,2 млн теңге жұмсалмақ.
Жалпы биыл террористік тұрғыдан осал нысандарда қауіпсіздікті нығайтуға 677,2 млн теңге қарастырылған.