СҚО-да 2 күнде телефон алаяқтығының 13 фактісі тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында телефон алаяқтығының саны артты. Тек екі күнде өңірде осындай 13 қылмыс тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, телефон алаяқтары әсіресе 8 және 9 мамырда белсенділік танытқан, дәл осы күндері бір тәсіл бойынша алдаудың 13 фактісі тіркелді.

Алаяқтар жәбірленушілерге өздерін полиция немесе медицина қызметкері ретінде таныстырады және олардың балалары немесе немерелері жол-көлік оқиғасына түсті немесе зардап шекті деп хабарлайды. Болжам бойынша, «жәбірленушімен мәселені шешу» үшін белгілі бір сомада ақша сұрайды. Тағы бір нұсқасы — емдеуге шұғыл ақшаның қажет болуы.

Көбінесе алаяқтар толқып тұрған дауыспен көмек сұрайтын үшінші адамға қысқа уақытқа телефон тұтқасын ұстатады. Әдетте күтпеген жағдайда және психологиялық қысым алған адам тұтқаның ар жағындағы дауыс туысыныкі деп қабылдайды және қажетті ақшаны беруге келіседі. Сома млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

«Қазіргі цифрлық әлемде алаяқтар үшін адамдардың дербес деректерін алу қиын емес. Егер жақын адамыңыздың атын естісеңіз, телефондағы дауыс ұқсас болып көрінсе де, шешім қабылдауға асықпаңыз. Оған жеке қоңырау шалыңыз. Егер бұл мүмкін болмаса, ақпаратты қайта тексеріңіз. Полиция қызметкерлерінен олардың аты-жөнін және бөлімшенің атын сұрауды ұмытпаңыз. Содан кейін полицияға қоңырау шалыңыз және мұндай қызметкердің жұмыс істейтінін, апат немесе қоңырау шалушы айтқан басқа оқиға туралы ақпаратты тексеріңіз», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Бұған дейін СҚО-ның үш тұрғыны алаяқтарға алданып, 9 млн теңгесінен айырылғанын айтқан едік.