СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 26 тамызда Қызылжар ауданының Бескөл ауылында болған. 2 жасар қыз екі қабатты үйдің екінші қабатының терезесінен құлап кеткен.
Сәби аман, бірден облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір, медицина қызметкерлерінің айтуынша, жағдайы қалыпты.
Полиция қызметкерлері аталған факті бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Ата-анасы қыз баланы жоғары сыныпта оқитын қыздарының қарауына қалдырған. Сәби абайсызда терезеден құлап кеткен. Осы дерек бойынша материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады.
Тәртіп сақшылары бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды, ересектердің қарауынсыз қалдыруға болмайтынын еске салады. Сәбилері бар отбасылар жазатайым оқиғаға жол бермеу үшін терезеге бұғаттау құрылғыларын орнатқандары жөн. Сонымен қатар, бала терезе жақтауына шықпауы үшін орындықтар мен басқа да жиһазды оның маңынан алған жөн.
Бұған дейін алименттен жалтарған ата-аналардың балалары алдындағы қарызы 320 млн теңгеден асып кеткенін айтқан едік. Борышын атқарудан қашып жүрген 291 адамның 11-і – әйел. 85 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, алтауы қамауға алынды.