СҚО-да 20 гидротехникалық құрылыстың бесеуіне жөндеу қажет

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 20 гидротехникалық құрылыс нысаны орналасқан. Уәлиханов ауданындағы Шарық су торабы мен «Сегіз көз» сегіз терезелі өткізу құрылысы апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірдегі 20 гидротехникалық құрылыс нысанының 6-ы республикалық меншікте, 13-і коммуналдық меншікте, 1-і жеке меншікте.

Облыс әкімінің өкіміне сәйкес жыл сайын барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен су тасқыны алдында және су тасқынынан кейінгі кезеңде гидротехникалық құрылыстардың жағдайы тексеріледі. Бұл нысандардың меншік иелеріне оны техникалық жарамды күйде ұстау және тасқын суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға ұсынымдар беріледі.

«Биыл су тасқыны алдында құрылыстарды тексеру барысында жұмыс тобы бірнеше олқылықты анықтады. Мәселен екі гидротехникалық құрылыс апатты жағдайда тұр. Олар - Шарық су торабы – меншік иесі «Қазсушар» РМК СҚФ және «Сегіз көз» 8 терезелі өткізу құрылысы - Уәлиханов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жауапты.

3 құрылысқа қанағаттанарлықсыз жағдайда деген баға берілді. Олар - «Қызылжар Су» ЖШС қарайтын «Биопруд» жинақтаушы тоғанының қоршау бөгетінің 50%, «Тазартқыш сутартқыш және су өткізгіш ғимараттар» ШЖҚ МКК меншігіндегі Петропавлдың Ущев көшесі бойындағы Есіл өзенінен қорғаушы бөгет және Уәлиханов ауданы Амангелді ауылдық округ әкімінің аппаратына қарайтын Тілеусай ауылындағы су көтергіш бөгет», - дейді басқарма мамандары.

Ал гидротехникалық құрылыстарды функционалдық мақсаты бойынша қауіпсіз пайдалануды, олардың техникалық жай-күйінің қауіпсіз деңгейін, сондай-ақ техникалық қызмет көрсетуді, ағымдағы жөндеуді және жаңғыртуды олардың меншік иесі немесе пайдаланушы ұйым қамтамасыз етуі тиіс.