СҚО-да 22 гектардан астам орман өртке оранды
19:47, 19 Мамыр 2014
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - 2014 жылдың басынан бастап Солтүстік Қазақстан облысы орман алқабында 22,2 га алаңда 6 рет тілсіз жау орын алды. Материалдық шығын 121 мың теңгені құрады, деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
«4 мамырда Есіл ауданы Мальцев орман шаруашылығында табиғи өрт орын алды. Тілсіз жау салдарынан қайың орманы өртке оранды. Жалынды ауыздықтауға орманды қорғау қызметінің және «Пушкинское» ЖШС-ның 3 қызметкері қатысты. Жыл басынан бастап облыс аумағында барлығы 6 өрт тіркелді. Материалдық шығын - 121 мың теңге», - деді СҚО ТЖД мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің бас маманы Жазира Қожахметова.
Соңғы рет 15 мамырда Айыртау ауданының Қамсақты орман шаруашылығында өрт тұтанды. Онда қайың кесінділері өртенді. Нәтижесінде тілсіз жау 0,7 га орманды жалмады. 2012 және 2013 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орман өрті тіркелмегенін атап өткен жөн.