СҚО-да 2,2 мыңнан астам абонент жарықсыз отыр

Фото: видеодан алынған скрин

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында қатты желден электр сымдарына зақым келіп, 2,5 мың абонент өткен тәулікте жарықсыз қалды. 

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

— Дауыл салдарынан Айыртау, Есіл, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда 2555 абонент жарықсыз қалды. Түнде 345 абонентке электр энергиясы берілді. Қазіргі уақытта 2210 абонент жарықсыз отыр, — дейді СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Дәурен Тәубаев.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» компаниясының мәліметінше, ауа райының күрт нашарлауына байланысты Солтүстік Қазақстан электржелілік тарату компаниясы мамандары күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.

— Өткен тәулікте қолайсыз ауа райына байланысты электр беру желілерінде 32 технологиялық бұзылу дерегі тіркелді. Мамандардың жедел әрекетінің нәтижесінде қазіргі уақытта облыс аудандарында — 18, ал Петропавлда 5-еуі қалпына келтірілді.

Салдарды жою жұмыстарына 11 жөндеу бригадасы мен 19 арнайы техника жұмылдырылды, — делінген хабарламада.

Компания өкілдерінің айтуынша, түк көрінбейтін боран, қатты жел қызметкерлердің жұмысын қиындатып жатыр. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаментінің жолдарды жабуы да оларға қолбайлау болған. 

Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлаған еді.