СҚО-да 23 мыңнан астам әйел прегравидалды дайындықтан өтеді

Фото: Фото: Pixabay.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында бірқатар іс-шара қолға алынды.

2025 жылдан бастап Қазақстанда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау және 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдердің денсаулығын нығайту мақсатында «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалы директоры Айнагүл Дәулетшинаның айтуынша, қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету үшін сауықтыру шаралары жүктілік басталғанға дейін прегравидалды дайындық түрінде жүргізіледі.

— Прегравидалды дайындық — бұл әйелді жүктілікке дайындау процесі. Ол болашақ ана мен баланың денсаулығын бақылауға, назарда ұстауға бағытталған бірқатар іс-шарадан тұрады. Көрсетілетін қызметтердің тізбесі Қазақстан Республикасында акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес айқындалған. Учаскелік дәрігерлер ана мен бала үшін жүктілік пен босану нәтижелерін жақсарту мақсатында жоспарланған жүктіліктен 6 ай бұрын әрбір тұрғынды тексереді. Қыздар мен жасөспірімдерге де ерекше назар аударылады, — дейді филиал директоры.

Маманның айтуынша, репродуктивті жастағы әйелдер МӘМС арқылы консультациялық-диагностикалық көмек алады, олар: акушер-гинекологтың кеңесі, көрсетілімдер бойынша генетикаға және В және С гепатитіне тексерілу.

— Прегравидальды дайындық жүкті әйелдің өмірі мен ұрыққа төнетін қауіп-қатерді алдын алу үшін қажет. Өмірге дені сау бала әкелу үшін әйел денсаулығына мән беруі қажет. Жалпы жұбайлардың жаман әдеттерден бас тартуы, өмір салтын өзгертіп, дене салмағын қалыпқа келтіру. Сондай-ақ дәрігердің қатысуымен жыныстық гормондардың деңгейін түзету, дәрумендер мен макро және микроэлементтердің жетіспеушілігін жою, бар ауруларды емдеу де алдын ала дайындыққа жатады. Осыған байланысты жүктілікті жоспарлау алдында емханада тексеруден өтуге шақырамыз, — дейді Айнагүл Дәулетшина.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалының мәліметінше, өңірде 117 мыңға жуық репродуктивті жастағы әйел бар. Биыл солардың 23 375-ін қамту үшін 134 млн теңге қаражат бөлінді.

Бұған дейін СҚО-да тұрғындардың 90 мыңға жуығы сақтандырылмағанын жазған едік.