СҚО-да 27 мыңға жуық адам тұмауға қарсы вакцина алды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа эпидемиялық маусым басталғалы бері жіті респираторлық вирустық инфекцияны 10 мыңға жуық адам жұқтырды.

Фото: Астана әкімдігі

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әзірге тұмау жұқтырғандар жоқ. Індеттің алдын алу мақсатында өңірде тұмауға қарсы вакцинация жүріп жатыр. Осы мақсатта ресейлік «Гриппол Плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынған.

Бүгінге дейін тұмауға қарсы екпе алғандар саны 26 935 адамға жетті. Вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі.

Екпе алдымен медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлері мен қарттар үйлерінің тәрбиеленушілері мен тұрғындарына ұсынылады. Сондай-ақ созылмалы аурулары бар азаматтар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар, мектеп оқушылары және басқа да эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинациялауға жататын адамдар қамтылады.

- Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың ауыруы және мұрынның бітелуі сияқты ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге көріну немесе үйге медицина қызметкерін шақыру қажет. Аурудың ұзаққа созылуы асқынуларға әкелуі мүмкін. Ең қауіптісі – пневмония, - дейді мамандар.

ЖРВИ мен тұмаудан сақтану үшін қарапайым талаптарды сақтаған жөн. Дәрігерлер бөлмені үнемі желдетіп, қолды мұқият жууға, дұрыс тамақтануға және ұйқы режимін сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ адам көп жиналатын орындарға баруды шектеп, қажет болған жағдайда бетперде таққан дұрыс.

Бұған дейін Түркістан облысында 8 мыңға жуық адам ЖРВИ жұқтырғанын жазған едік.