СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдамдықты асыру фактілерін автоматты түрде тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендер аудан орталықтарына қойылды.
— Полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әр аудан орталығындағы жолдар мен автожолдардың проблемалы учаскелерін анықтады. Жол-көлік оқиғаларының статистикасы, көлік қозғалысының қарқындылығы, сондай-ақ жақын маңдағы мектептер мен ауруханалардың орналасуы ескерілді. Негізгі мақсат — қауіпсіздікті арттыру, — дейді тәртіп сақшылары.
Қазіргі уақытта 11 ауданда 27 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешен пайдалануға берілді. Полицейлердің айтуынша, жылдамдықты шамадан тыс асыру ең жиі кездесетін заң бұзудың бірі. Рұқсат етілген жылдамдықтың қаншалықты асырылғанына қарай айыппұл 5-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін (21 625 — 173 000 теңге аралығында), ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 30-дан 60 АЕК-ке (129 750 теңгеден 259 500 теңгеге) дейін болуы мүмкін.
Бүгінде СҚО-да барлығы 121 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Олардың көмегімен Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 134 мыңнан астам дерегі анықталды.
Ал Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында СҚО-ның барлық аудандық полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтары ашылып жатыр.
Бұған дейін СҚО мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған бейнекамералардың саны артқанын жазған едік.