СҚО-да бүгін 73 мыңнан астам оқушы үшін оқу жылы аяқталды. Олардың 3 409-ы – 11 сынып түлегі. Білім басқармасының мәліметінше, былтыр «Алтын белгіні» 153 түлек алса, биыл тағы сонша бала үміткер. Үздік аттестатқа былтыр 111 түлек қол жеткізсе, биыл үміткерлер саны біреуге артты.
«11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихандар 1-10 маусым аралығында өтеді. Емтихандар саны да азайды. Түлектер бес емтиханның орнына 4 емтихан тапсырады. «Алтын белгіге» үміткерлердің эссе, алгебрадан жазбаша емтихан жұмыстарын білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексереді. Мемлекеттік емтихандар кезінде COVID-19 ауырған түлектер қорытынды аттестаттаудан босатылады», - дейді СҚО білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова.
СҚО-да ертеңнен бастап жазғы мектеп жұмысын бастамақ. 19 маусымға дейін жұмыс істеп, негізгі пәндер бойынша ұйымдастырылады.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді барлық мектеп түлегінің 72 %-ы тапсырып жатыр.
ҰБТ-да жоғары балл алмағандарға грантқа оқуға мүмкіндік бар. СҚО бюджетінен өңірге қажетті мамандықтарға оқытып шығуға 50 білім грантына қаржы бөлінді.