СҚО-да 30 қой ұрлады деген күдікпен жеті жігіт ұсталды

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Солтүстік Қазақстан облысында жеті жігіт жаз бойы жұрттың қорасына түсіп, қой ұрлап келген. 31 қойды қолды еткен күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қолға түскен күдіктілердің жасы 18 бен 22 аралығында. Ұрлықты кәсіп еткен жігіттерді Есіл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ұстап, қазір тергеу жүргізіп жатыр.

Бүгінгі күні істе 10 эпизод бар. Қылмыстар биыл жазда Есіл ауданында, тағы екі факті Мамлют және Шал ақын аудандарында жасалған.

Қылмыскерлер ауыл тұрғындарының қора-қопсына кіріп, қой ұрлаған. Бір ұрлағанда 6 қойды алып кетіп отырған.

Тамыз айында жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер облыстың күдікті жеті тұрғынын ұстады.

Тергеу барысында олардың ұрланған малдардың етін Петропавлда сатқаны анықталды. Сатып алушыдан төрт қой тәркіленді.

Малы ұрланған тұрғындар полицияға арызданбаған. Олар қойлары қорадан өздері шығып жоғалып кеткен болуы мүмкін деп ойлаған.

Бірқатар факті тек тергеу барысында ғана анықталды.

Соңғысы 19 қыркүйек күні тіркелді. Барлығы 31 қойдың ұрланғаны белгілі болды.

Күдіктілер қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігі «Мал ұрлау» бойынша тергеу жүріп жатыр.