СҚО-да 30 мыңға жуық нұротандық праймериз қатысушыларына дауыс береді
22:08, 01 Қазан 2020
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында праймериздің дауыс беру кезеңінде «Nur Оtan» партиясының 30 мыңға жуық мүшесі дауыс береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО-да 200 сайлау учаскесі бар. Оның 102-сі онлайн, қалған 98-і дәстүрлі түрде бюллетень арқылы дауыс беруге арналған.
«Nur Оtan» партиясының мүшелері бүгін-ертең онлайн түрде дауыс беріп жатыр. 3 қазан сайлау учаскесіне келіп, бюллетень толтыру арқылы таңдау жасауға болады. Бұл, интернет арқылы дауыс беруге жағдайы жоқтарға және шалғай ауылдардағы партия мүшелеріне жасалып отырған мүмкіндік», - дейді «Nur Оtan» партиясының СҚОФ бөлім меңгерушісі Айзада Рахметова.
Партияның СҚО-дағы 20 мыңнан астам мүшесі дауысты онлайн берсе, 7 мыңнан астамы сайлау учаскелеріне барып таңдау жасамақ.
СҚО-да дебатқа қатысуға 645 кандидат ниет етсе, соның 632-сі келесі кезеңге өтті. Олардың 114-і Петропавл қаласынан.