СҚО статистика департаментінің мәліметінше, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің отыз мыңға жуығы тұрақты түрде жұмыс істейді. Мәселен, олар қаңтар-наурыз айларында 80,7 млрд теңгенің өнімін шығарған. Олар 100 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жеке кәсіпкерлік субъектілері Петропавлдан кейін негізінен Қызылжар ауданында шоғырланған. Солардың бірі - ағаштан жиһаз жасайтын «Левин» жеке кәсіпкерлігі «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 20-30 жыл бұрынғы қондырғыларын жаңартып жатыр.
«Біздегі жұмысшылардың 30 %-і 15-20 жылдан артық еңбек етіп жатыр. Отбасыларымен – күйеуі, әйелі, баласы бірге жұмыс істейтіндер бар. Еңбекақылары жақсы, орташа 120 мың теңге алады. Әлеуметтік пакет қарастырылған. Ауқаттануға арнайы жарақтандырылған бөлме бар», - дейді цех басшысы Ирина Клименко.
Бескөл ауылында орналасқан кәсіпорын асхана столдары мен орындықтарын жасайды. Жергілікті қайың мен қарағайдан істелетін өнім бәсекеге қабілетті, сол себепті сұраныс та жоғары. Қазір кәсіпорында тоқсаннан астам қондырғы болса, соның 60 % ауыстыруды қажет етеді. Олар «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында мемлекеттің қолдауын көріп отыр. Сатып алынған қондырғыларға демеуқаржы бар.
«Биыл індетке қарамастан жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Ескі білдектерді жаңа қондырғыларға айырбастай бастадық. Нәтижесінде технологияны жақсартып, өнім шығару уақытын қысқарттық. Электр қуаты үнемделеді. Бір қондырғы ескі төрт білдекті ауыстырады. Биылғы Жолдауды тыңдадым, шағын және орта бизнес әлі де мемлекет қолдауынсыз қалмайтыны қуантты. «Бизнестің жол картасы» тағы бес жылға созылатын болып жатыр, яғни, субсидиялар жалғасады. Бізге жұмысымызды алға бастыруға, дамытуға бұл үлкен сеп», - дейді «Левин» ЖК директорының орынбасары Евгений Левин.
Отбасылық шағын бизнес бүгінде облысқа ғана емес, республикаға танымал брендке айналды. Қазір мұнда жергілікті тұрғындардан 100 адам еңбек етеді.