СҚО-да 33 жастағы қылмыскер қаңғыбастар арасынан табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында 3 күннің ішінде 5 қылмыскер мен із-түссіз жоғалған 2 адам табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бұрын сотталған, үй-күйі жоқ 40 жастағы ер адамды тапты. Оған Қостанай полицейлері ұрлық жасап, пробациялық бақылаудан жалтарғаны үшін іздеу салған.

«Криминалдық полиция бөлімінің жедел қызметкерлері қалалық ІІБ қызметкерлерімен бірлесіп үй-күйсіз жүрген 33 жастағы әйелді ұстады. Ол ұрлық жасағаны үшін іздеуде болған. Күдікті ұсталып, қалалық ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деді баспасөз қызметінен.

Облыс бойынша қалалық және аудандық полиция бөлімдері үш күннің ішінде тұрақты мекенжайы жоқ 330 адамды жеткізген. Барлығы суретке түсіріліп, видеотіркеуге алынды. Олардың арасында іздеу жарияланған 5 қылмыскер мен із-түзсіз жоғалған 2 адам болған.