СҚО-да 34 млн теңгенің тұқымын ұрлағандар 5,6 жылға сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қалалық соты аса ірі көлемде ұрлық жасаған үш азаматқа қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, қылмыстық іс бойынша айыпталушылар саны - үшеу. Олар алдын ала сөз байласу арқылы бірлесіп ауыл шаруашылығы дақылдарын ұрлады деп айыпталды. Сонымен қатар сотталушының біреуі - О.-ға қатысты ауыр қылмыс туралы жасырып қалғаны үшін де жеке айып тағылған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, М. жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің астық қабылдау пунктінде меңгеруші қызметін атқара жүріп, 2024 жылғы 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні және 4 маусымнан 5 маусымға қараған түні алдын ала Б.-мен келісіп, күзетші О.-ға түнгі уақытта аумаққа жүк көліктерінің кіретіні туралы айтқан. Осылайша күнбағыс, бидай және зығыр тұқымын ұрлап, жалпы сомасы 34 млн теңгеден асатын материалдық шығын келтірген.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші тараптың өкілдері мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ іс материалдарындағы дәлелдермен толық расталды. Прокурор мен жәбірленуші тарап әрбір айыпталушыға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда айыпталушылар өз кінәларын мойындамай, соттан ақтауды өтінді.
Сот үкімімен М. мен Б. кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот Б.-нің жас баласының болуын оның кінәсін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Ал О.-ға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық құрамның болмауына байланысты сот оны кінәсіз деп танып, ақтау туралы шешім шығарды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Петропавлда аса ірі мөлшерде бюджет ақшасын жымқырғандар сотталғанын жазған едік.