СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбахтың айтуынша, мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуға арналған жұмыстар нәтиже берді, көрсеткіш 2,1% азайды.
Алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 9 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 34 кәсіпкер спирттік ішімдік сату лицензиясынан айырылса, сотқа 32 материал жіберіліп, 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Қоғамдық орандарда, көшеде мас күйде жүрген, арақ-шарап ішкен 8 767 адам анықталды, олардың 865-і қамалды, 244-іне әкімшілік айыппұл салынды.
Рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысқан, тіркеуі болмаған 226 адам анықталып, 198 материал сотқа жіберілді. 194 адам әкімшілік айыппұл төледі.
Биыл заңсыз айналымнан 7640 литр алкоголь өнімдері алынды, - дейді Александр Розбах.
Полицейлердің мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 3 325 адам маскүнем ретінде тіркеуде тұр. Олардың 526-сы есепке биыл алынды. Сондай-ақ 173 маскүнем мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.