СҚО-да 38 мың гектар бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 38 мың га пайдаланылмай жатқан жер, соның ішінде 12 мың га сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңірдің жалпы аумағы – 9,8 млн га. Оның 75 %-ы ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған. Яғни 7,3 млн га-дың 4,9 млн-ы егістік, 2,1 млн-ы жайылымдық жерлер.

Былтыр мамандар бос жатқан 15 мың га алқапты анықтаған. Оның 12 мыңы - жайылымдар. Бұл жерлер бойынша тексерістер жүргізіліп, олқылықтарды жоюға ұйғарымдар жіберілді. Нәтиже шықпаған жағдайда жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша іс-шаралар қолға алынады.

«Мемлекет меншігіне 38 мың га, соның ішінде 17 мың га егістік, 20 мың га жайылымдық жер қайтарылды. Оның 12 мың гектарын сот тәртібімен қайтаруға тура келді. Ал 26 мың га жерді мақсатты пайдаланбағандармен жалдау

шарттары бұзылды», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов.

Ауылдарда мал басын көбейтіп, жеке ісін ашқан тұрғындарға былтыр жалпы аумағы 5,3 мың га болатын 28 жайылым берілген.

«Былтыр жер комиссияларының 310 отырысы өткізілді, онда 8 621 өтініш қаралды. Бұдан басқа 28 конкурс жарияланды, оның 17-сі өткізіліп, 141 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер берілді. Оның 26 мың га егістік алқаптары болса, 111 мыңы - жайылымдар. Биылғы жылдың 1 тоқсанында 5 мың га-ға 3 конкурс өткізу жоспарланған», - дейді Ерболат Бекшенов.

Ал жеке тұрғын үй құрылысына былтыр 478 жер учаскесі берілген. Оның ішінде 82 учаскені Петропавл тұрғындары алды.