СҚО-да 4 күннің ішінде 12 атыс қаруын тәркіленді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО полицейлері 4 күннің ішінде 12 атыс қаруын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Темір жинаған кезде тауып алдым», «Жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде таптым» – осындай түсініктемелерді солтүстікқазақстандықтар әдетте тіркелмеген қаруды тәркілегенде айтып жатады.

Тамыздың 25-нен 28-іне дейін облыс аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Мақсаты – криминогендік жағдайды сауықтандыру, қаруды қолдана отыра жасалатын қылмыс қаупін төмендету. Іс-шара кезінде 45 патрон және заңсыз сақталып келген 12 атыс қаруы, оның ішінде 7 тегіс ұңғылы, 2 травматикалық, 1 ойықты және газды қару, 1 револьвер тәркіленді. Олар сараптамаға жіберілді, заңсыз иелері жауапқа тартылды.

«Қару заңмен белгіленген қатаң тәртіпке сай сақталуы тиіс. Тіркелмеген қару қауіпті: ол жазатайым оқиғаға себепші болуы, қолды болып, қылмыста қолданылуы мүмкін. Қаруды және оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жауапкершіліктен қаруды полицияға өз еркімен тапсыру ғана босатады», – деп еске салды СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.

Айта кететіні, жедел-профилактикалық іс-шара кезінде өз еркімен 4 тегіс ұңғылы мылтық тапсырылды. Мәселен, Жамбыл ауданының тұрғыны қайтыс болған әкесіне тиесілі ТОЗ-БМ мылтығын әкеп тапсырған. Полицейлер облыс тұрғындарын қауіптен сақтанып, қаруды тапсыруға шақырады. Қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтау жұмысы тұрақты негізде жалғасатын болады.


Фото: polisia.kz