СҚО-да 46 асыл тұқымды ірі қараны ұрлаған күдіктілер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданында із-түссіз жоғалып кеткен «абердин ангус» тұқымдас 46 ірі қараға қатысты қылмыс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Уәлихан ауданындағы шаруа қожалықтың малшылары әу баста сиырларының жоғалып кеткенін сезбеген де көрінеді. Бірнеше күн бойы ірі қаралардың алысқа жайылып кетті деген оймен іздестірген. Тек таппағаннан кейін ғана сиырлардың адасып кетуіне ұрылардың «көмектескені» себеп болғанын  біліп, құқық қорғаушыларға хабарлаған.

«Шаруа қожалықтан 80 шақырым жерде құқық қорғаушылар ен далада ірі қаралардың сойылып, еттері белгісіз жаққа жөнелтілгенін анықтайды. Ақыры, полицейлер із кесе келе бұрын да осындай қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 4 күдіктіні қолға түсірді. Күдіктілердің бәрі де Ақмола облысының тұрғындары», - деп хабарлайды СҚО ІІД баспасөз қызметінен.

Аталған жағдай бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілердің кінәсі дәлелденген жағдайда олар 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.