СҚО-да 5 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 23 адам эвакуацияланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстанда өрт сөндірушілер 24 адамды эвакуациялап, құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 20 тамызда сағат 06.46-да 101 телефонына Петропавл қаласында 5 қабатты тұрғын үйдің 2 қабатынан түтін шыққаны туралы хабарлама түскен.

Сағат 6.53-те құтқарушылар жетіп, пәтердің балконынан қатты түтін шыққаны анықталды. Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде 1928 жылғы ер адам өрт орнынан құтқарылды, сондай-ақ баспалдақпен 23 адам эвакуацияланды.

Оқиға орнында 3 бірлік техника және жеке құрамнан 9 адам жұмыс істеді. Өрт сағат 7.04-те жойылды.

ТЖ министрлігі өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтау қажеттігін еске салады.