СҚО-да 5 мектеп қашықтан білім беріп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үшінші тоқсан басталғалы 189 оқушы коронавирус жұқтырған. Бүгінде өңірдің 5 мектебі уақытша қашықтан білім беру форматына көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да коронавирусқа қатысты өңірдегі ахуалға арналған кезекті брифинг өтті. Облыстың бас санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірде жаңа оқы жылы басталғалы 495 бала коронавирус жұқтырған. Олардың 258-і білімді мектепте алса, қалғандары қашықтан оқу барысында қауіпті вирусты жұқтырған.

«Үшінші тоқсан басталғалы облыста оқушылар арасында КВИ жұқтырудың 189 жағдайы тіркелді. Олардың 106-сы штаттық режимде оқыған. 83 бала қашықтан білім алу барысында ауырған», - дейді Әсет Жұматаев.

СҚО-да қазіргі уақытта коронавирус жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты 5 мектеп қашықтан оқуға көшірілді. Олар: Есіл ауданы Заградовка орта мектебі, Қызылжар ауданындағы Соколовка және Озерный орта мектептері, М.Жұмабаев ауданындағы Қарағанды орта мектебі және осы аудандағы Булаев балабақша-мектеп кешені.

Бұған дейін СҚО-да вакцина егудің қалыпты жағдайда өтіп жатқанын айтқан едік. Үш күннің ішінде өңірдің 900 медицина қызметкері коронавирусқа қарсы екпе алды.