СҚО-да 5 млрд теңгелік зауыттың құрылысы тоқтап қалуға шақ қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында түйіршіктелген жоңышқа өндіретін зауыттың құрылысы электр қуатына қосылу мәселесіне байланысты кешеуілдеген.

Фото: Kazinform/ЖИ

Прокуратураның мәліметінше, Salar Farm ЖШС жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаның құны — 5 млрд теңге. Аудан прокуратурасы жобаны сүйемелдеу барысында зауыт құрылысын тежеп тұрған мәселені анықтаған.

Нысанды құрылысты жалғастыру үшін Бәйтерек ауылының маңындағы қосалқы станциядан электр желісіне қосу қажет болған.

—  Осыған байланысты аудан прокуратурасы Қызылжар ауданының әкіміне мәселені шешуге жәрдемдесу туралы хат жолдады. Нәтижесінде мердігер «Bear Инжиниринг» ЖШС қосалқы станциядан зауытқа дейін электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтады, — делінген хабарламада.

Осылайша, инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі болған мәселе шешіліп, зауыт құрылысын жалғастыруға жағдай жасалды.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысындағы ірі жобаға өзге компанияның 23 млн теңге қарызы кедергі болғанын хабарлағанбыз.