Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 ақпан күні Петропавл қалалық соты Гр., Гн., Ж., З.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Оларға қылмыстық топ құрып, заңсыз аңшылықпен айналысты деген айып тағылған еді.
Гр. деген қылмыстық топ құрып, оның құрамында Гн., Ж., З. 2022 жылдың күзінен 2023 жылдың 27 ақпанына дейін қару-жарақ пен автокөлікті пайдаланып, Петропавлдың маңында заңсыз аң аулаған. Осылайша 53 сібір елігін атып алған. Салдарынан СҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына 68 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Алайда З. өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Гр., Гн., Ж.-де кінәсін мойындамай, жазаны жеңілдетуді сұрады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 262 баптың 1-2 бөлігі - ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оның қызметіне қатысу бойынша жаза 5 жылдан 10 жылға дейін қарастырылған.
ҚР Қылмыстық кодексі 337 бап – заңсыз аңшылық бойынша санкция 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Петропавл қалалық соты Гн., Ж., З.-ның кішкентай балалары барын жазаны жеңілдететін жағдай деп қарады. Гр.-ның қылмысты бірнеше рет жасауы, қылмыстық топ құруы – жазасын ауырлатты.
Нәтижесінде Гр. 11 жылға сотталды. Ол қылмыстық атқару жүйесінің максималды қауіпсіздік мекемесіне орналастырылады. Қалған үшеуі - Гн., Ж., З. 8 жылға бас бостандығынан айырылды, олар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сондай-ақ сотталғандар аңшылықпен айналысу құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.