СҚО-да 50 шақты мектепте интернет жылдамдығы өте төмен

Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы мәселесі қаралды. Биыл өңірде 53 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 6,1 млрд теңге бөлінді.

Облыстық әкімдікте өткен жиында білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова есеп берді. Маманның айтуынша, биылғы оқу жылында дайындық тобының 1500-ге жуық және бастауыш сыныптың 30 мыңға жуық оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа биыл 3 млрд 423 млн теңге қаражат бөлінген. Биыл 53 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізуге 6 млрд астам теңге бөлінді. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2,7 млрд теңгеге 22 мектеп жөндеуден өтті. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 31 білім ордасы қайта қалпына келтірілген.

Аймақ басшысы блок-модульдік қазандықтарды орнатуды қысқа мерзімде аяқтап, мектептердің жылу беру маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ білім беру нысандарындағы барлық жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтауды тапсырды.

«Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін «Береке» шағын ауданындағы 50 орындық жатақханасы бар 300 балаға шақталған арнаулы мектеп биыл жұмысын бастайды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Береке» және «Орман» шағын аудандарында 2 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 440 мектепте интернет жылдамдығы 20 Мбит/сек және одан жоғары, оның ішінде 140 мектепте Starlink жабдығын орнату есебінен жылдамдық ұлғайды», - деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

СҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, өңірдегі 33 мектепте интернеттің жылдамдығы бекітілген норма - 20 Мбит/сек төмен. Ал 14 мектепте тіпті 2-4 Мбит/сек шамасында ғана.

Сондай-ақ ведомство мектептердің оқулықпен қамтылуына мониторинг жүргізіп жатыр. СҚО мектептері үшін баспалардан оқулықтарды жөнелту 77%, аудандарға жеткізу 35% жетті. Уәлиханов және Тимирязев аудандарының білім бөлімдерінің ақпараты бойынша жеткізушілермен проблемалар бар, бұл мәселе бақылауға алынған.

Бұған дейін «Мектепке жол» акциясы аясында Құлсарыда 770 оқушыға мектеп құралдары берілгенін жазған едік.